News

Алматы орталық АХАЖ қызметін басқарған тарихи тұлғамен таңғы бір үзік сыр

Біздің шипажайда өте танымал жандар жиі демалып тұрады. Қазір бізге келген қонақтар арасында қазақстандық әділет саласының майталманы  Бөбеш Айсариева бар. Ол еңбек еткен 15 жыл – қайта құру кезіндегі ең бір қиын кезең болатын және тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдары еді. Б.Айсариева еліміздегі атақты Алматы неке сарайын басқарды.  «Ол жерде кім той өткізбеді» - деп еске алады неке үйін басқарушы, алайда нағыз заңгер болғандықтан той иелерінің аты-жөнін жария етпеді. Оның көпшілік алдында сөз сөйлеу мәнеріне, дауыс ырғағына қарап киноға түсуге де шақырған тұстары болыпты. Ол Вячеслав Тихонов, Нина Гребешкова, Марк Утесов, Евгений Моргунов, Григорий Чухрай, Иван Рыжовтармен және басқа да көптеген танымал адамдармен жақсы таныс болған екен.

- Біз жұмысқа асығып жүгірген былай тұрсын, тіпті алып ұшып баратынбыз, өйткені біздің жұмысымыз расымен де нағыз мереке болатын, себебі адамдар бізге бақыт іздеп келетін. Мен шынымды айтсам, тіпті ең қиын жылдарда да кеудем құшақ-құшақ гүлдерге толып кетуші еді. Мен де өз тарапымнан әр жұпты отбасылық өмірге шын жүрегіммен «Ақ жол» тілеп шығарып салуға барымды салатынмын.

Бүгінгі күні талай жұптың  бақытты болуына себепші болған адам 80-ді еңсерді. Ол кісіге қарап мұнша жас беру қиын. Ол керемет тың көрінеді, бес баланың анасы және немерелердің әжесі. Қазір біздің шипажайда демалып жатыр. Осылай тамаша қалыпты қалай сақтап қалуға болады деген сұраққа былай деп жауап берді:

- Әрқашан жақсы көңіл-күйде жүру керек! Бастысы, ниет ақ болса, бәрі оңынан оралады!