News

ОРТАМЫЗДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ

Бүгін біз шипажайымыздың басқарушы директоры Гүлжанат Бұғыбаева жайлы айтпақпыз. Өзі пысық, өзі айналасын үйіріп әкететін әрі мықты ұйымдастырушы ханымымыз тағамтану саласының жоғары дәрежелі маманы. Тіпті ат шаптырым кешендегі бүкіл қонақ үйдің қызметі мен жайлылығына жауап береді. Гүлжанат Аманжолқызы мемлекет басшылары мен саяси жетекшілердің түскі, кешкі асы, фуршетіне дейін ұйымдастырып, талай жоғары лауазымды тұлғаларды тамақтандырған. Өзінің тағамдары «Астананың мәртебелі асы» атты таныстырылым кітабына енген. Еңбегі үшін Президент, Сенат пен Мәжіліс Төрағасынан марапат пен алғыс хат алған. OSCE (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) және Азия ойындарын ұйымдастыру һәм өткізуге атсалысқаны үшін де марапатталған. Егер президенттік рестораторларға Мишлен жұлдызын берер болса, біздің кәсіпқой ханым міндетті түрде алар еді.

Әу баста Гүлжанат Аманжолқызы Технологиялық университеттің бөлісі бойынша Талдықорғандағы трест асханасында қарапайым аспаз болған. Бірақ бала кезінен мейрамхананы басқаруды армандапты.

- Мақсат қою, алға деген нық сенім және жұмысқа деген қабілет – жетістігім осылардың арқасы. Жаңалық ашуға жаным құмар болғандықтан жаңа дүние жасап, оны ерінбей өзгеше қылып өзгертіп, тіпті өте жоғары деңгейдегі банкеттерде де жүрексінбей, ерекше дүние жасап, әзірлеп келемін, - дейді ол.

Енді Гүлжанат Бұғыбаева шипажайды жаңартып, түрлендіріп, гүлдей жайнатып жүр. Ханымның бастамасымен ас мәзірі сирек те пайдалы тағамдармен жаңарып, әр атаулы күн өзіндік мәзірмен толығып, ұжымын да алға сүйреп, барлық тимбилдинг пен мерекелік шараларда тек алдыңғы орындардан көрініп жүр. Мұндай жетекші әріптестерін жемісті жұмысқа ынталандырып қана қоймай, әдемі демалуына да әсер ететіні сөзсіз.