News

БОЛАШАҚ ДАЯШЫДАН БАСТАЛАДЫ

Сіздер Ева Мендес, Брет Питт, Дженифер Энстон, Пинк, Ева Лангория, Иван Ургант, Дженифер Лопес, Вин Дизель, Шэрон Стоун және тағы басқа көптеген жұлдыздың өсу сатысының алғашқы баспалдағында даяшы болып қызмет атқарғанын біліп пе едіңіздер?

«Абай жолы» кітабында Бөжейдің асында даяшы жігіттердің еттабақты атпен тасығаны суреттеледі. Отырықшы оңтүстігіміздегі Отырарда XII – XIII ғасырдың өзінде-ақ болған. Ендеше бұл қызмет көнеден келе жатыр.

Шипажайымыздың басқарушы директоры Гүлжанат Бұғыбаева біздің кешеннің тамақтандыру қызметінің жұмысшыларына шеберлік сабағын осындай әдемі әңгімемен бастады. Қалай дегенмен президенттік деңгейдегі жоғары талғамды банкеттерге қызмет көрсеткен кәсіпқой маман ғой. Теориядан тәжірибеге өткен кезде өз ісінің шебері Гүлжанат ханымға шипажайдың жоғары дәрежелі маманы, аға даяшы Галина Зайцева көмектесті.

Алдымен спикерлер даяшы мамандығының жақсы және кемшін тұстарын тізіп шықты. Үнемі керек кәсіп, бірақ заманға сай бейімделіп отыру керек. Сосын қайда үйрену керектігін, залда өзіңді қалай ұстау қажеттігін, тамақты қонақтың алдына қою, ұсыну әдеті мен әдебі, қызмет көрсету дейсіз бе, бұл мамандықтың қыр-сыры көп, бәрін айтып берді.
 
- Даяшы – бұл актер, ал зал –  сахна, мұнда рөліңді сомдаған кезде қонақтарға есте қаларлықтай ойнау аз, мейрамханаға қайта-қайта келе бергісі келетіндей қызмет көрсету керек, - дейді Гүлжанат Бұғыбаева, - Айтпақшы даяшы дегеніміз ол психолог, кез келген қиын жағдайды реттеп, жанжалдың алдын алып, айналаңды басқара білу керек. Сондай адамның ғана болашақта қызметі өседі. Даяшыға қараған кезде көзің тойып тұратындай болуы тиіс. Ол - киім, ол – келбет, ол – сауаттылық пен биязылық, ол пысықтық һәм тіл табысу.

Мұндай дәріс-кеңестен соң біздің даяшылар маман ретінде тағы бір сатыға көтерілгені сөзсіз!